ЕАЭО елдері қатары  Моңғолиямен толығуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20170708180202631_small.jpg

9-10 мамыр Мәскеу әлем басшыларының бас қостатын орнына айналғанын көзіміз көрді. Ресей тізгінін ұстап отырған Путин мызра бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Әуелі Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырзамен кездесіп, Қытаймен байланыстарды арттырудың ең тиімді жолдарын қарастырды. Кездесу соңы келісіммен аяқталды.

Артынша, Кремлдің қожайыны  Индия Президенті П.Мукерджи мырзаны күтіп алды. Бұл кездесу екі ел басшыларының тұңғыш кездесуі болғандықтан Президенттер бір бірлеріне рахмет айтқаннан арыға бармады. Мукерджи Мәскеудегі парадтан алған әсерлерімен бөлісіп, осы мерекені бірге тамашалауға шақырғаны үшін Путинге алғысын айтты.

Осылайша, Путин мырза айналдырған екі күнде 28 мемлекеттің басшаларын қабылдады.

Осылардың ішінде ЕАЭО елдері үшін тағы бір жаңалықтың шеті шықты.

Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко мен Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорждің кездесуі өтіп, ЕЭК пен Моңғолия ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы комиссия сайтында хабарланды. Моңғолия тарапынан Моңғолия сыртқы істер министрі Лундэг Пурэвсурэн, РФ-дағы Моңғолияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Шухэр Алтангэрэл, Моңғолия президенті аппаратының басшысы Пунцаг, сондай-ақ ЕЭК сауда бойынша алқа мүшесі (министрі) Андрей Слепнев қатысты. ЕЭК алқасының төрағасы Виктор Христенко Моңғолия мен ЕАЭО ынтымақтастығының тиімділігі мен маңыздылығын атап өтті. «Моңғолия - көршіміз, дәстүрлі әріптесіміз, ежелгі досымыз. Тараптардың өзара іс-әрекеті ЕАЭО қатысушы елдерге және Моңғолияға кең мүмкіндіктер ашады», - деп атап өтті В. Христенко.

Айдос Жұқанұлы, журналист:

- Ақыры бұл қорадан шыға алмайтын болсақ, Моңғолияның кіруін қолдаймын. Екі ел арасында екі жақтағы қазақтардың жүріп-тұруына жағдай жасалып, сауда-саттық барысында жолда Ресей тарапынан тосқауыл қойылатын бюрократиялық кедергілер аздап болса да азаяр еді. Екі аграрлық ел бір-біріне бәсекелес бола бастайды. Ол жақтан сапалы да арзан мал еті Ресей мен Белоруське көптеп экспортталады. Сонымен қатар ол жақтағы демократиялық дамудан біздің үйренеріміз көп. Бірақ қырғыздан үйренбеген біз моңғолды менсіне қоймаспыз-ау. Айналып келгенде Бай-Өлкедегі қазақтар үшін ғана пайдалы. Бізге келіп-кетер ештеңесі жоқ.

Қуандық Шамахайұлы, халықаралық журналист:

 - Путин Совет одағының бұрынғы ықпалын қайта жандандыруды көздеп келе жатқан ескі көзқарастағы артта қалған саясаткер. Кезінде Монғолия советшіл социалист елдердің бірі болғаны рас. Мұндай жолға олар шарасыздан барды. Себебі, алып көршісінің біріне сүйенбесе, екіншісі, яғни Қытай оны жұтып қоюы кәдік болатын. Қазіргі Монғолия бұрынғыдан мүлде өзгерген. Дамудың демократиялық жолын таңдаған Монғолия экономикасы өткен жиырма жылда өте қарқынды өркендеді. Соның нәтижесінде Ресейдің ықпалынан шығып, Батыс әлеміне бет бұрып кетті. Ендігі жерде путиндік Ресейдің әбден титықтап әлсіреген әсері оларға шыбын шаққан ғұрлы бола қояр ма екен?! Путин үшін үлкен проблема осы болса керек. ҚХР мен РФ арасында газ құбырын тарту, темір жол салу мәселесі қозғалып жатқанымен оны Монғол жері арқылы өткізу-өткізбеу жағы Си Зиньпиннің еншісіндегі шаруа. Сондықтан, демократиялық либералды Монғолияның авторитарлық үш елмен бір қораға кіре қоюы екіталай шығар. Оның басты себебінің өзі Монғол елі АҚШ және Батыс Еуропа елдерімен қалыптасқан қазіргі ынтымақтастықтарына сызат түсіргілері келмейтіні анық. Сондықтан, Путиннің бұл амбициясы алысқа бара қояр ма екен?  Монғолиядағы қазақтар үшін қазіргі таңда ештеңе кедергі болып отырған жоқ. Сондықтан, одаққа кіргеннен ештеңе өзгермейді. Жалпы, қазір осы үштік одақтан пайда көріп отырмыз ба? – дегенді алдымен толық сараптап алайықшы. Ресейдің сапасыз тауарлары отандық бизнеске қаншама кесірін тигізіп жатыр? Ал, Монғолия қосылса, олардан келетін сапалы ет, ақ тамақ және тері, былғары, түйе қойдың жүнінен, түбіттен тоқылған киім-кешек өнімдері келіп Түркия тауарларын ығыстыратын шығар. Одан бізге келетін пәлендей пайданы көріп тұрған жоқпын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар